«ОТЫРАР КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ: ТУРИСТІК ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ БОЛАШАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 2020 жылдың 13 қараша күні ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында, ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өтетін «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді.
Конференцияның мақсаты: Қазақстан археологиясының жетістіктерін насихаттау, археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау, Отырардағы реставрациялық жұмыстар нәтижелері, еліміздегі туризм мәселесі туралы тәжірибе алмасу. Қазақ даласының ғұламалары туралы – дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте өшпес із қалдырған ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап қазақ даласында дүниеге келген ғұламалардың шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектерін насихаттау болып табылады. Еліміздегі тарихшы ғалымдар, археологтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, музей қызметкерлері қатысқан республикалық конференцияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Сейітова Күміс Қарсақбайқызы ашып берсе, археолог-ғалым, т.ғ.д. Самашев Зейнолла Самашұлы және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Байтанаев Бауыржан Әбішұлы тағлымы мол іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, Отырар тарихына тереңнен қозғау салды. Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі археолог-ғалым Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлы өз сөзін Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеуге, тәуелсіз Қазақстанның археологиялық ғылыми орталығын құрып, дамытуға, кәсіби мамандарды дайындауға, археология бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік байланысты қалыптастыруға зор үлесін қосқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақовты еске алудан бастады. ҚР БҒМ.ҒК Мемлекеттік тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.д. профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы, ҚР БҒМ.ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы, Фарабитанушы, ф.ғ.д., профессор, әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алтаев Жақыпбек Алтайұлы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университетінің профессоры, т.ғ.д. Қожа Мұхтар Баһадүрұлы және де т.б баяндамашылар
Отырар өңірінің археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары және Отырардың жаңғыруы, Қазақ даласының ғұламалары, Отырар кітапханасы: аңыз бен ақиқат тақырыптарында баяндамалар оқып, ұсыныс-пікірлерін айтты.

МҰРАЖАЙ – ТАРИХ АЙНАСЫ

25 ақпан күні Отырар ауданы А.Дәрібаев атындағы орта мектебінде Отырар ауданындағы мектептерінің мұғалімдері, мұражай жетекшілері мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қызметкерлерінің қатысуымен «МҰРАЖАЙ –ТАРИХ АЙНАСЫ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шарада Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлнәз Ысқақ «Музей материалдарының бала тәрбиелеудегі орны» тақырыбындағы баяндамасын оқып, мұғалім бала санасына сіңіргісі келген білімін музей педагогикасына сүйене отырып беруі – музей және білім ошағы үшін де үлкен жетістік екендігін, музей педагогикасының негізгі мақсаты – жас ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыру болып табылатындығын айтып өтсе, ғылыми қызметкер Мақсат Байтас «Музей қоры – халық қазынасы» тақырыбындағы баяндамасында музей қорындағы заттардың сақталуы мен музей қорының толықтырылуы туралы тоқталып өтті.
Ескерткіштерді қорғау бөлімінің ғылыми қызметкері Олжас Құлымбетов Отырар алқабындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы баяндап, олардың сақталуы мен қорғалуы бойынша слайд көрсету арқылы тың мағлұматтар берді. Музей қызметкері Нұрсұлтан Бекешов қазіргі таңда аудандық білім бөлімімен тарихи құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға, музей педагогикасы оқу орындардың үздіксіз білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында меморандумға отырғандығын сөзге тиек етіп, алдағы уақытта мұражай жетекшілерімен бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Жақсыбаева Манат аталған меморандумды мұражай жетекшілеріне таныстырып, музей мен білім саласы арасында тығыз байланыс орнайтындығын айтып өтті. Жиында мұражай жетекшілері музей қызметкерлеріне бірнеше сұрақтар қойып, өздерінің ұсыныс, пікірлері айтылды. Шараны А.Дәрібаев атындағы орта мектебінің директоры Үсеева Шолпан қорытындылап, музей қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.