Отырар қалажұртынан ашылған құрылыс нысандарының ішінде ортағасырдан құнды мәлімет беретін бірегей нысан ретінде қоғамдық моншаны атап көрсетуге болады. Жалпы, шығыс моншасы атауымен танымал мұндай қоғамдық орындар Қазақстанның өзге өңірлерінде, атап айтар болсақ, Тараз, Ақтөбе, Қойлық, Екпінді, Жайық, Сарайшық қалажұрттарынан анықталып зерттелген.

Отырар моншасы

Ортағасырда монша құрылысы мен қызметі сол уақыттағы қала тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық және ғылым мен мәдениетінің даму сатысының жоғарылығын айқындайтын орындардың бірі болған.Ортағасырлық әдебиеттерде монша қызметі туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Сол кезеңнен жеткен деректерден моншаның тек тазалық пен демалыс орны емес, онда әлеуметтік-экономикалық сауда т.б.тарихи мәселелерді шешетін мәдени орын ретінде пайдаланғанын білуге болады.

Археолог-ғалымдардың ұзақ уақыт жүргізген зерттеуі нәтижесінде Отырар қалажұртынан үш монша орны анықталып зерттелген. Бұлардың ішінде ең ерте, яғни, ХІ-ХІІ ғғ. жататын монша орны қаланың солтүстік-батысында, Софы Дарбаза қақпасынан 150 метр оңтүстік-батысқа қарай, қорған іргесінен 20 метр қашықтықта, ұзындығы45х50 метр, ені 30 метр, биіктігі 4 метрге жуық болатын қырдың үстіне орналасқан.

ХХ ғасырдың 1977-1978 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмысы баррысында моншаның 9 қызмет көрсету бөлмесі, 1 жылу бөлетін қазандық жүйесі және негізгі бөлмелерге жапсарлас үш бөлмеден тұратын жеке құрылыс орны мен күйдірілген қыштан өрілген 2 құдық орны анықталып, зерттелген.

Екінші монша орны қаланың оңтүстігінде, қазіргі уақытта толық ашылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылып қойылған XIII-XV ғғ. тән моншаның астында қалып отыр.  Үшінші, яғни, XIII-XV ғғ. тән монша орнын өткен ғасырда анықтап зерттеген болатын.

Монша батысында орналасқан жылыту қазандығы арқылы бір жерден от жағылып, еден астынан жүргізілген каналдар мен тіреулер арқылы барлық бөлмелер жылытылып отырған. Түтін мұржа арқылы сыртқа шығарылған. Осы мұржалардың көмегімен моншадағы температура реттеліп отырған.

Моншаға су су қоймасы арқылы тартылған су құбырлары арқылы жүзеге асырылған. Моншаның 10 бөлмесі, олардың ішінде шешінетін орын (лүнгіхана), булық пен уату бөлмесінің қызметін атқарған қосымша екі бөлмесі бар орталық зал болған. Залдан жуынатын бөлмелерге – ыстықхана мен суықханаға кіретін болған.

default

Алғашқыда Отырар моншасында екі ыстық бөлме болған: бірі – батыс, екіншісі – шығыс бұрышта орналасқан. Демалыс бөлмесінде диаметрі 2 м-ге дейін ыдыс түрінде хауыз болған. Оның едені көк түсті шыңылтырлы, әртүрлі форматтағы қышпен төселген.

Моншаны сумен қамтамасыз ету су құбырлары арқылы су қоймасынан жүзеге асырылған. Құбыр қатарлары жерасты галереясынмен жүргізілген.

Су құбыры суық және ыстық суға арналған цистерналар тұрған бөлмеге тартылған. Осы бөлмеде төрт бөлікке бөлінген ұзын цистерна түріндегі төрт ыдыс табылды. Олардың қызметін анықтауға моншада шомылу кезінде пайдаланатын бірнеше қоспалардың қасиетін сипаттаған ибн Сина жазбалары көмектеседі. Олардың кейбірі өсімдіктерді, сера, күлді қайнату арқылы алынған, басқаларын «темір, тұз, кварц, купорос қоспалары» деп атаған. Пайдаланған су науалар арқылы арықтарға, сосын моншаның сыртындағы су сғңғретін құдықтарға құйылған.

Отырар моншасы ошақпен жылытылған, одан ыстық жүретін каналдар шығып, тіреулер мен бағыттаушы қабырғалар арқылы барлық бөлмелердің еденін жылытатын болған. Түтін қабырғалардағы мұржалар арқылы шығарылған. Осы мұржалардың көмегімен моншадағы температура реттеліп отырған. Моншаның қабырғалары шаршы қыштан соғылған (24х24х5 см), еденге көлемі 40х40х10 см қыштар мен тақталар қолданылған. Бірқатар бөлмелерде еденге төсеуге шыңылтырлы қыштар мен тақталар қолданылған.

2020-2023 жж. аралығында «Отырар қалажұртын зерттеу, консервациялау және ішінара қалпына келтіру» жобасы қабылданып, Отырар қалажұртында бірқатар нысандарға археологиялық қазба жұмысын жүргізу, ашылған нысандарды ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарланған болатын. Осының негізінде археолог С.Ш.Ақылбектің жетекшілігімен жоғарыда аталған XIII-XV ғғ. тән моншаның толық ашылмай қалған бөліктерін, яғни, кіре-беріс ауызғы бөлмелерін анықтау жұмысы жүргізіліп, қазіргі таңда зерттеу жұмысы толығымен аяқталып, нәтижесінде монша құрылысының нақты өлшемі анықталып, қазіргі таңда монша орны толығымен ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылып қойылды.