Мысырдағы Әл-Фараби бабамыздың музыкалық аспаптары (Канун, Ребаб) және 40 – ға жуық ноталары ғұлама ғалымның туған жері Отырарға әкелінді. Осыған орай, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің Сапар орталығында аталған жәдігерлерді музейге салтанатты тапсыру рәсімі аясында  «ӘЛ-ФАРАБИ–ТЕКТІ МУЗЫКАСЫНЫҢ ӘУЕНІ» тақырыбындағы іс-шара өтті.

«Екінші Ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам өркениетіне қосқан үлесі» атты Мысыр-қазақ ғылыми-тәжірибелік конференциясында Отырар ауданынан барып, «Әл-Фараби ізімен» атты сурет көрмесін ұсынған Отырар ауданы Мәдениет сарайының суретшісі Әділхан Мәлік Мысыр еліндегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Лама Шариф Қайрат Қайыржанұлының ұсынысымен меценат Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлының демеушілігімен     Мысырдағы Әл-Фараби бабамыздың музыкалық аспаптарын елге жеткізіп, музей қорына табыс етті. Сонымен қатар, жоғарыда аталған Мысырда өткен конференцияда ғалымдардың  ұсыныстарын көпшілікке оқып берді. Ұсыныстарда аль –канун музыкалық аспабын қазақтың ұлттық аспабы ретінде қабылдап, оның үйренуге үйірмелер ашылса, Мысыр елінен 10 дана аль-канун музыкалық аспабын жіберуге, оны үйретуге мамандар жіберуге мұрындық болар едік делінген.  Сондай-ақ, Мысыр тарапы Қазақстанның реставрация мамандарының біліктілігін арттыруға арналған оқуларды Кайр қаласында ұйымдастыруға және Қазақстанға білікті мамандары мен оқытушыларын, Мұсылман әлемінің тарихи – мәдени ескерткіштерін қорғау және қайта қалпына келтіру, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі арасында Мысырлық археологтармен бірлесіп Әл-Фарабидің дүниеге келген Оқсыз қалажұртына ғылыми-зерттеу жүргізуге ұсыныстар жасады.

Іс-шара аясында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ғұлама ұстаз жайлы қойылым қойып, Мысырдан әкелінген аль-канун аспабымен ән шырқалды. Сонымен қатар Мысырдан елге жеткен 40 нотасының біреуін орындап, көпшілік оның әуенімен тебірентті.

Салтанатты іс-шарада сөз алған қонақтар бабамыздан қалған құндылықтарды елімізге жеткізген азаматтарға алғысын білдіріп, Отырарлықтар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.

Іс-шараға тарихшы – ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, аудан әкімшілі, облыстық мәдениет басқармасының мамандары мен музей қызметкерлері қатысты.

Мысырдан әкелінген Әл-Фараби бабамыздың музыкалық аспаптары  және 40 – ға жуық ноталары Отырар қорық-музейінің Сапар орталығындағы «Әл-Фараби» залынан орын алды.