Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің жанынан құрылған «Жас өлкетанушылар» үйірмесі жоспарланған тақырыптар бойынша жалғасын табуда. Аға ғылыми қызметкер Қалипа Кемелова «Отырар-Шыңғысхан империясы кезеңінде» тақырыбында 9-10 сынып оқушыларына дәріс жүргізіп, үйірменің мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Мұндағы негізгі мақсат- шапқыншылықпен келген зұлым күшке қаймықпай қарсы тұрған отырарлықтар мен Қайырхандай өшпес ерлік иесін келер ұрпаққа өнеге ету, халық жадында мәңгі қалдыру. Дәрісте Монғолдың құпия шежіресінде атап көрсетілгендей, 1206ж. Онон өзенінің жағасында өткен құрылтайда хан сайланған Шыңғысхан дүние жүзін жаулап алуды мақсат етуі, бұл оқиға ХІІІ ғасырдың басында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда мекендейтін халықтарды тізе бүктіру үшін жасалғаны айтылды. Монғол шапқыншылығының оңтүстік өңіріне әсері, сондай-ақ, Шыңғысхан бастаған қанқұйлы моңғол шапқыншылығына қайсарлықпен қарсы тұрып, ұлы Отырар қаласын 6 ай бойы жауға бермей, жанкештілікпен қорғаған ерендердің ерлігі мен өрлігі жайында айтылды.Отырар қаласының даңқты билеушісі Қайырхан ерлігі, тарихта қандай ісімен аты қалды?, Шыңғысхан қандай тұлға? тағы басқа да сұрақтарға оқушылар өз ой-пікірлерін айтып ортаға салды.

Leave a Comment