Бүгін 5 мамырда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры бірлесіп, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрменің ашылуына орай брифинг өткізеді.

Өтетін орны: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры
Басталуы: сағат 18.00-де

Брифингке театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Жуасбек, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Әшімов, Серке Қожамқұловтың қызы М.Қожамқұлова және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры Д.Сәкенұлы, ҚР Халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Жанботаев қатысады.

Сағат 18.30-да театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасы сахналанады.

Біздің анықтама:

Серәлі (Серке) Қожамқұлов (1896-1979) – актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы. 1936 жылы Қазақстанның халық артисі. 1976 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. 1922 жылы М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясында Еспембет рөлін ойнайды. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби Қазақ мемлекеттік драма театры ұйымдастырылғанда С.Қожамқұлов арнайы шақырылады. Театрда ол актер әрі режиссер қызметін атқарып, 1926–1932 жылдары Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал», Майлиннің «Шаншар молда», «Ел мектебі», «Қалпе», Ө.Оспановтың «Сеңсең бөрік», Н.В.Гогольдің «Үйлену» пьесаларын сахналады.

Қожамқұловтың таңдаулы рөлдері қатарында Талтаңбай (Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібінде», Яичница, Земляника (Гогольдің «Үйленуі» мен «Ревизорында»), Тымақбай, Қарабай, Қоңқай (Мүсіреповтің «Амангелдісінде», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мен «Ақан сері – Ақтоқтысында»), Шахтер Тайман (Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында»), Еспембет, Көбікті хан (Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» мен «Қара қыпшақ Қобыландысында»), т.б. бар. Қожамқұлов 1930 жылдан киноға түскен. «Дала әнінде» Батырақтың (1930), «Амангелдіде» Бекет ұстаның (1938), «Ақ гүлде» қарт Жастардың (1942), «Абай әнінде» Баймағамбеттің (1945), «Алтын мүйізде» шопан Әділбектің (1948), «Алдар көседе» Бидің (1964), т.б. рөлін орындады.

Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен (1966), 3 рет Ленин ордені, Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Құрметті БАҚ өкілдері!
Сіздерді жоғарыда аталған брифингке шақыра отырып, ақпараттық қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз.
(Театрға кіру үшін арнайы «ASHYQ» мобильді қосымшасын жүктеп алуларыңызды сұраймыз).