Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі жанынан құрылған ғылыми әдістемелік кеңестің кезекті жиыны онлайн форматында өтті. Әдістемелік кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиынның күн тәртібінде Отырар қалажұртындағы «Дарбаза суфи» қақпасының орнында ғылыми-зерттеу, ғылыми – реставрациялық жұмыстарын жүргізу және Отырар қалажұртындағы (күре жол) бас магистраль жолынан Дарбаза Суфи қақпасына апаратын ескі көше орнына ғылыми-зерттеу, зерделеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарын іске асыру мәселелері қаралды.Жиында «Казқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директорының орынбасары Нұрмағанбетов Исабек Маратұлы баяндама жасап, Отырар қалажұртындағы 2020 жылы атқарылған және 2021 жылға жоспарланған ғылыми-зерттеу, іздестіру мен қайта – қалпына келтіру жұмыстарына тоқталып өтті.Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Сейітова Күміс Қарсақбайқызы және ТҒ докторы, археолог, Қожа Ахмет Яссауи ХҚТУ профессоры Қожа Мұхтар Баһадүрұлылар ой-пікірлерін айтып, өз ұсыныстарын білдірді. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Ақылбек Серік Шаймерденұлы кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп отырды.