Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 14.05.2021 жылғы №64 бұйрығымен «Еңбек ардагері» медалімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының кеңесшісі, археолог-ғалым Алдабергенов Нұртаза Орынханұлы марапатталды. Отырар қорық-музейінің директоры м.а Жангелді Махашов жиынды ашып беріп, құттықтау сөзді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұловқа берді.Нұртаза Орынханұлының еңбек жолына тоқталып өткен Пердехан Абайұлы министрліктің шешіміне алғысын білдіріп, медалді табыс етті.Марапатты қуана қабылдаған археолог-ғалым өз ризашылығын білдіріп, музейдегі шәкірттеріне батасын берді.Нұртаза Алдабергенов 1947 жылы 20 қарашада Түркістан облысының (Оңтүстік Қазақстан облысы) Арыс ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Орта Азия мен Қазақстан бойынша маман археологтар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны Ташкент университеті тарих факультетінің Археология бөліміне оқуға түседі. Студенттік жылдарда Оңтүстік Түрікменстан, Термез, Кеш және Қырғыз археологиялық экспедицияларының жұмысына қатысып, үлкен өмір мектебінен өтіп, тәжірибе жинақтаған. «Орта Азия археологиясының атасы» деп аталып кеткен М.Е.Массон, әйгілі археолог әрі өнертанушы Г.А.Пугаченкова, басқа да білікті мамандар дәріс оқып, ілім-білім үйретті. Н.Алдабергенов теориялық білім алып қоймай, далалық жұмыстарға белсене араласқан. Нұртаза Орынханұлы 1970 жылы университетті бітірген соң еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының Отырар археологиялық экспедициясы құрамында ежелгі Отырар қаласында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына қатысудан бастады. 1970-1973 жылдары Шымкент облысының (Түркістан облысы) Қызылұм (қазіргі Отырар) аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1971-1973 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Республикалық ғылыми қайта қалпына келтіру шеберханасында археолог болып қызмет атқарған. 1973-2004 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында ұстаз болып жұмыс атқарады. Университет қабырғасында жұмыс атқарған жылдарда тарих факультеті студенттеріне «Археология», «Орта Азия археологиясы», «Азия археологиясы», «Еуропа археологиясы», «Қазақстанның ортағасырлық қалалары», «Археологиялық зерттеулердің әдістері» сынды пәндер мен курстарды оқытып, өзін білікті маман ұлағатты ұстаз ретінде көрсете білді.Археология саласындағы көп жылдық еңбегі ескеріліп, ҚР Мәдениет министрлігінің тікелей шақыртуымен Нұртаза Алдабергенов 2004 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры болып тағайындалады. Музей жұмысын жетілдіру барысында, Отырар музейінде «Реставрация және консервация жасау» бөлімін ашып, Отырар алқабынан 300-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтап, ғылыми айналымға енгізді. Зейнеткерлік жасқа жеткенше Нұртаза Алдабергенов археологиялық ескерткіштерді зерттеу, қорғау, насихаттау жұмыстарын абыроймен атқарып, «Мәдени бағдарлама» аясында академик К.М.Байпаковпен бірге «Отырар алқабы» атты альбом-кітабын жазып құрастырды. Ерең еңбегі үшін түрлі республика мен облыс деңгейіндегі марапаттаулар және ҚР Мәдениет қайраткері атағы берілген.

Leave a Comment