1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді.Осыған орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі жанынан құрылған «Жас өлкетанушылар» үйірмесіне қатысушы оқушылардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – елімнің мақтанышы»тақырыбында іс-шара өтті. Іс-шара халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған – әнұранды орындаумен бастау алды. Одан соң таныстырушы Г.Арыстанбаева оқушыларға экспозиция залындағы мемлекеттік рәміздер бұрышымен таныстырып, рәміздердің тарихына тоқталып өтті. Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара аясында аға ғылыми қызметкер Қ.Кемелова еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер – мемлекеттік рәміздер туралы дәрісін оқыды. Мемлекеттік рәміз арқылы елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Мереке құтты болсын!

Leave a Comment