Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін, өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу, болашаққа оң көзқарас таныту, еліміздің табысты болуының кепілі»,- деп атап көрсеткен. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Осы бағдарлама аясында және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Қарағанды облысы Ұлытау ауданына «Ұлылар отаны Отырардан –ұлт ұясы Ұлытауға» тарихи танымдық экспедициясын ұйымдастырды. Отырардың тарихы мен онда туған ұлы есімді перзеттерін насихаттап, қазақ халқының алтын бесігі Ұлытау өңіріндегі киелі орындарға тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған экспедицияны Отырар қорық-музейінің басшысы Жангелді Махашов бастаған топта халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов және мәдениет саласының өкілдері болды.Экспедиция Ұлытау өңіріндегі киелі орындарға тағзым етуден басталып, Отырардың тарихы мен Отырардан шыққан Ұлы есімдерді насихаттайтын іс-шараға жалғасты. Іс-шара аясында халық ақыны Әселхан Қалыбекова арнау оқыса, Ұлылар отаны—Отырар туралы әндер айтылып, Әбу Насыр әл-Фараби мұралары Ұлытау жұртына насихатталды.