Нұр-Сұлтан – Қазақ елі болашағының каласы! Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы.

6 шілде Астана күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен Отырар аудандық кітапхананың бірлескен іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында Отырар аудандық кітапхана қызметкерлері дайындаған «Елбасы еңселеткен Елорда» атты кітап көрмесі қойылып, Елорданы бағындырған биіктері мен жетістіктері туралы жазылған кітаптарды кітапхана қызметкері Феруза Сиқымбаева көпшілікке таныстырды. Көрмемен танысқан көпшілік «Ел жүрегі – Елорда» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты.

Ел болашағын ойлайтын, халқы үшін еңбек ететін, ұлттық санасы, құқықтық мәдениеті қалыптасқан жастарды тәрбиелеу мақсатында өткен жиынды ашып берген музей директорының м.а Жангелді Махашов «Нұр-Сұлтан – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Уақыттан оза шапқан бүгінгі бас қала – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Бүгінде еліміздің астанасы көпұлтты халқымыздың бірлігі мен ынтымағына тірек, достығы мен татулығына кепіл болып отыр» – дей келе, айтулы мерекемен құттықтады. Отырар аудандық мәдениет үйінің әншісі Ұлжалғас Әбілдахан мен музей қызметкері Ақлима Жұмашова Астана күніне арналған ән шашуларын шашып, Отырар өнер және саз мектебінің ақындар сыныбы мұғалімі Жүсіпәлиева Гаухар мен оқушылары Базарбай Шәмшат, Вржещ Анжелика және Жүсіпәлиева Ақниеттер Елордаға арнаған арнауларын оқыды. Іс-шара соңында бірнеше музей қызметкерлері алғыс хатпен марапатталды.