Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің Сапар орталығында «Ер қаруы – бес қару» тақырыбында көрменің ашылуы өтті. Отырар қорық – музейінің қорынан ерте ортағасыр мен ХХ ғ. аралығындағы соғыс қарулары коллекциясымен жабдықталған көрменің мақсаты – сан ғасырлар бойы металл өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқан ата-бабамыздың ерекше өнері мен дала өркениетін насихаттау болып табылады.

Көрмені Отырар қорық-музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Серік Ақылбек ашып беріп, “ер қаруы – бес қару” сөздерінің астарында көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, көшпелілердің жауынгерлік қаруды жүйелеудің өзіндік жүйесі жатқанын көруге болатындығын айтып, отандық тарихымызға жан – жақты түсінік беру арқылы көрмені тамашалаған әрбір азаматтың бойындағы патриоттық сезімдерін дамытуға мақсат етілгендігін жеткізді.

Қазақтың аңыз-дастандарында жауынгерлер қауымы өкілдері яғни, батырлар қолданған бес түрлі қару туралы жиі сөз болады. Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген даналық бар. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне байланысты. Жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әр қайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген.

Көрменің таныстырылымында көшпелі халық арасындағы әскери құрылым, сол кездегі жауынгерлердің пайдаланған қарулары жайлы тың деректер келтіріліп, өте ерте замандағы әскери құрал-саймандар туралы жазба деректерге сүйеніп, оның бүгінгі таным-түсініктегі көрінісін арқау етеді.

«Ер қаруы – бес қару» тақырыбында көрме 1 ай көлемінде көпшілікке ұсынылады.

Leave a Comment