Көнермес мұрасы мен тарихы мол Отырар өңіріндегі мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштері мен асыл қазынамыз музей жәдігерлері екені анық. Қоңыржай белдеуде орналасқан бұл өңірден ежелгі тұрақтардан бастап, бізге жеткен көне жазбалар және заттай мәдени жәдігерлер өңіріміздің баға жетпес байлығы десе де болады. Тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, зерттеу арқылы тамырын тереңге жайған көне Отырар өңірінің ескерткіштері мен мұражай жәдігерлерін, заттық және рухани құндылықтарын танытып, еліміздің өткен ғасырлардағы өркениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттау мақсатында «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қызметкерлері «Арыс қалалық өлкетану мұражайында» «Ежелгі Отырар – төл өркениетіміздің өрелі ескерткіші» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрмені тамашалауға аудан тұрғындары, ардагер қариялар мен мектеп оқушылары қатысты. Көрмеге отыздан аса ата-бабаларымыз ас үйлік тұрмыста ұстап тұтынған археологиялық жауһар жәдігерлер қойылды. Көрмеге келген көрермендер ерекше әсер алып, өз ризашылықтарын білдірді.