Қазақстан Республикасы Парламенті депутаты «НұрОтан» партиясы фракциясының мүшесі Мыңбай Дархан Қамзабекұлы Отырар ауданында болды.

Ауданға арнайы ат басын бұрған депутаттың Отырар қорық-музейінің Сапар орталығында мәдениет қызметкерлерімен кездесуі өтті. Мәдениет қызметкерлерімен емін-еркін әңгімелескен Дархан Қамзабекұлы: «Тәуелсіз Қазақстанда соңғы жылдары музейлерге ерекше назар аударылды. Музей – адамның білімін арттырып, парасатын толықтырып, жанын оятатын қастерлі орын. Көненің көзін, тарихың өзін көргісі келген адам міндетті түрде бірінші музейге келеді. Сондықтан да музей қызметкерлері болсын басқа да сала қызметкерлері болсын өз ісінің майталманы болуы керек. Өз ісін сүйіп, жанқиярлықпен, жауапкершілікпен атқарса, ол саланы басқалар құрмет тұтады. Музей қызметкерлеріне құрметім ерекше, бірақ біздің еліміздегі «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алғандар жоқтың қасы» деп, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы басқа салалармен салыстырғанда төмен екендігін атап өтіп, алдағы уақытта жалақыны көтеру мәселелері Мәжілісте қаралып жатқанын айтып өтті. Аудандық мәдениет үйі қызметкерлері мен кітапхана және музей қызметкерлері депутатқа сұрақтар қойып, жауаптар алды.

Кездесуден соң, депутатқа Сапар орталығының экспозиция залы таныстырылып, Отырар қалажұртына аттанды. Отырар қалажұртындағы ағымдағы жылы жүргізілген археологиялық жұмыстармен және үш жылдық жоба бойынша атқарылып жатқан ғылыми – реставрациялық жұмыстармен танысты.