«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мәдени мұраны сақтау, зерттеу, насихаттау үрдісіндегі өткен белестер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Онлайн және офлайн форматында өткен конференцияның басты мақсаты: халқымыздың өткен өмірі туралы деректерді, мәдени мұрамыздың сақталуы, ғылыми зерттеулер туралы насихаттау болып табылады.
Конференцияда музейлік жәдігерлерді қайта қалпына келтіру және сақтау ережелері, Қазақстанда туризмді дамыту мәселелері, Отырар өңірі туралы зерттеулер, қолданбалы өнерді дамыту және мәдени мұраны насихаттау жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалып, тарихшылар мен археолог-ғалымдардың ұсыныс-пікірлері айтылды.
Конференцияға қатысуға келген қонақтарға Отырар қалажұртындағы XVII ғасырға тән құмырашылар үйі таныстырылды. Құмырашылар үйі музейлендіріліп, сол ғасырды тән тұрмыс-тіршілікті бейнелейтін көрініс тапқан.