Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шымкент қаласындағы «Шым қала»тарихи-мәдени кешенінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» тақырыбында жылжымалы көрменің ашылуы өтті.
Салтанатты шараны ашып беру үшін «Шым қала»тарихи-мәдени кешенінің директоры Атеев Бейболат, тарихшы, шежіреші Әбдіәкімұлы Момбек, М.Әуезов атындағы университтетінің аға оқытушысы Таштанов Жаңабектерге сөз беріліп, көпшілік назарына ұсынылып отырған көрмені ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Махашов Жангелді: «Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» – деп атап көрсеткендей, тарихи тамыры тереңде жатқан көне шаһар Отырар, Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстанбаб әулиенің кесенесі халқымыздың жауһар қазыналары мен ұлтымыздың рухани құндылықтарының бірі болып табылады. Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері сан мың жылдық тарихы бар бұл өңір ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өлке. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына және көне Отырар қаласының терең тарихына байланысты мол мәліметтер, экспонаттар жинақталған «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 40 жылдан астам уақытта нәтижелі жұмыс істеп, мәдениетіміздің дамуы мен мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, өскелең ұрпаққа өткенімізді дәріптеп, ата-баба аманатын жеткізіп келеді» – деп, «Шым қала»тарихи-мәдени кешенінің басшылығына және қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Шоқай Ералы көрменің маңызы мен мақсатына тоқталды.
Көрмеде көне өркениет тарихынан сыр шертетін музей қоры жинағындағы ортағасырлық жәдігерлер – асханалық бұйымдар, зергерлік заттар және басқа да көне тұрмыста қолданылған археологиялық түпнұсқа жәдігерлер көпшілік көрермен назарына ұсынылды.