Қазақстан Республикасының ұлттық валюта – теңге күні, сонымен қатар еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 15 қарашада атап өтіледі. Биыл ұлттық валютамыздың айналымға шыққанына жиырма сегіз жыл толып отыр. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, мерейіміз үстем болып, абыройымыз асқақтап, төл теңгемізді қолға ұстаған күн.
Осы атаулы мерекеге орай «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында «Ұлы жібек жолы бойындағы ақша айналымы: ерте заманнан бүгінге дейін» тақырыбында көрме өтті. Көрмеде музей қоры жинағындағы Ортағасырда айналымда болған күміс, мыс ақшалардан бастап бүгінгі тәуелсіз Қазақстан ақшаларына дейінгі айналымда болған жалпы саны 123 дана ақша түрлері көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмені тамашалаған көпшілік мерекелік іс-шараға қатысты.
Мерекелік жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Көлбай Асқар Жалғасбайұлы баяндама жасап, ұлттық валютамыздың өткені мен бүгіні жайында айтып өтті.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қаржыгерлерді мерекелерімен құттықтап, ауданымыздың экономикалық дамуы жолында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ қаржыгерлерді аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сый-сыйапат жасады.
Шара барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директоры Жангелді Махашов та қаржыгерлерді ұлттық теңге күнімен құттықтап, көне тарихымызда сауда-саттық дамыған кезеңдердегі теңгенің маңызы жайында атап өтті.
Жиында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсерлі әндерін тарту етіп, көпшілікті бір серпілтіп тастады.