«Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы Жалынды жастық шақтың мерекесі – студенттер күнінің шығу тарихы 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде белгіленген болатын. Елдігіміз – еңселі, бағымыздың баянды болуы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуын басым бағыттардың алдына шығарды. Елдің әлеуметтік-мәдени дамуының негізі болып табылатын келешек ұрпақтың материалдық және рухани тұрғыдан толыққанды сусындауы Қазақстан болашағының одан дамып, Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының нығаюына ықпал ететіні сөзсіз. Еліміздің келешегі саналатын ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары арасындағы бейімділік пен қызығушылықтарын ояту, дұрыс бағдар ұсына білу еліміз үшін де, келешек ұрпақ үшін де тиімді және бұл өз кезегінде қоғам алдындағы негізгі міндетіміз болып табылады. Осы орайда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері Халықаралық сутеденттер күніне орай Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттерін қатысуымен «Жастардың бағыт бағдары» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Семинардың мақсаты студенттерге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында жарық көрген бағдарламалық-мақалаларымен таныстыру және елдігіміз бен егемендігіміздің тірегі болатын жастармен пікір алысу, бағыт-бағдар беру болып табылады. Сонымен қатар, мемлекетіміздің болашақ ұрпақты тәрбиелеу мақсатында атқарып отырған өміршең бағдарламаларымен таныстыру. Аталған шарада Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі «Археология» ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкерлері Н.О.Сералы «Ұлағатты ұрпақ» тақырыбында және Ә.Ә.Сералиев «Отырардың туристік бағыттағы ескерткіштері» тақырыбында дайындаған баяндамаларын оқып, слайд арқылы мол мағлұматтар берді. Сонымен қатар, О.Нұрсұлтан «Хазарлар туралы жазба деректер», Б.Сыздықов «Сығанақ қалажұртында жүргізілген қазба жұмыстары» тақырыптарында баяндама жасады. Егеменді ел болып, еліміздің көсегесін көгертетін, қазақ ғылымын дамытып, дүниежүзілік аренаға көтере білетін терең білімді жігіттер мен қыздарды тәрбиеленіп, болашақтың туын қолына ұстайды деп сенеміз.