Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл. Осы тәуелсіз еркіндікте өмір сүруге біз қалай жеттік, кімдер арқылы жеттік, иә тарих бетіне үңілсек, ол өте ұзақ жылдар бойы ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша аянбай күресіп, елім, жерім, ұрпағым деп балаларым тыныш өмір сүрсін деп бізге тәуелсіз мемлекетті сыйлады. Осындай көп ұлтты мемлекетті басқару оңай емес. Осы тәуелсіз мемлекетімізді басқару 1991 жылы 1 желтоқсанда біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа бұйырды. 1 Желтоқсан- Тұңғыш Президент күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері бүгінгі жұмыс күндерін қазақ халқының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолы, туып өскен, оқып білім алған, қызмет еткен жерлері туралы мағлұмат беріп, Елбасының өмір жолынан үлгі ала отырып Отанын, халқын сүюге, ер жүректілікке, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу мақсатында мектеп оқушыларына дәрістер оқыды. Түркістан облысы, Отырар ауданының, Шытты ауылындағы А. Дәрібаев атындағы жалпы орта мектебінде Отырар қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Қ.Кемелова «Елбасы туралы елмен сырласу» тақырыбында дәріс оқып, слайд көрсету арқылы Елбасының өмір тарихына үңілуге мол мүмкіндік берді. Іс-шараға мекеме басшылары тарапынан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Құтыбаев және АКТ орынбасары Н.Омаровтар қатысып,бүгінгі дәріске оң бағасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.