Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай музей саласының жеткен жетістіктерін насихаттау мақсатында «Тәуелсіздік жылдардағы Отырар өңірініңдегі ескерткіштердің зерттелуі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Арнайы ұйымдастырылып отырған шараның мақсатын таныстырып өткен «Археология» ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Сәбит Тұрлыбекұлы семинар жұмысын ашып беру үшін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми істері жөніндегі орынбасары Серік Шәймерденұлына сөз кезегін берді. Археолог-ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мұражай қызметкерлері қатысқан шараны ашып берген Серік Шәймерденұлы ескерткіштердің зерттелу тарихы, оның ішінде Отырар қалажұртында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қысқаша тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Келесі сөзді өңір тарихын зерттеуде айрықша қолтаңбасы бар, көптеген тарихи мәліметтерді жинақтап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізген тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Баһадүрұлы алып, Отырар қалажұртында жүргізілген археолог-ғалымдардың еңбектерін, зерттелу тарихын айтып, музей қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілген археологиялық зерттеулерге арнайы тоқталып өтті. Шара аясында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының тарихи мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі Ташбаев Жұмабек Күмісбайұлының «Ордабасы тауында орналасқан обалы қорымдар», «Руханият Әбу Насыр Әл-Фараби» музейінің ғылыми қызметкері Әбжаппар Жанболат Оралбайұлы «Отырар алқабындағы әдеби ескерткіштердің зерттелуі», Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі «Археология» ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Нұрлан Орынбасарұлының «Отырарды кешегісі мен бүгіні» тақырыбында арнайы дайындалған баяндамаларын оқып, өңір тарихын зерттеу бағытында жүргізіліп отырған жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Семинарды қорытындылаған музейдің ғылыми кеңесшісі, ардагер-ұстаз Нұртаза Орынханұлы бүгінгі шараға, бұл жерде тек бір музейдің ғана емес, шараға қатысып отырған өзге де музей қызметкерлерінің өздері қызмет істейтін мекемелерінің жетістіктерін көпшілікке таныстырғанына ризашылығын білдірді.