Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Бейжіңде (Қытай) өтетін XXIV қысқы Олимпиадаға дайындық барысы туралы кеңес өтті.

Алқалы жиында Дәурен Абаев қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшылардың алдында тұрған бірқатар міндеттерді белгіледі.

«Еліміз үшін осындай қысылтаяң шақта біз спортшыларымызға алдағы ақ Олимпиадада допингсіз, дау – жанжалсыз лайықты дәрежеде өнер көрсету міндетін қойып отырмыз. Әрине әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Біз спортшыларымыздың кез- келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолынан келгеннің бәрін жасады: спортшыларды даярлау, сапалы жаттығу процесі, жиындар мен біліктілік жарыстарына қатысу қаржыландырылды», – деді Мәдениет және спорт министрі.

XXIV қысқы Олимпиадаға дайындық мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада Комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков сөз сөйледі.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтарда барлық шеберлікті шыңдап, біліктілікті артыратын және рейтингтік жарыстар аяқталды. Қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен 82 лицензия жеңіп алды.

Шаңғы жарысында 30 жолдама бар. Спортшылар фристайл бойынша 9 жолдаманы жеңіп алды, оның ішінде могул түрінен 5, акробатикадан 4. Сонымен қатар қазақстандық конькишілер 12 жолдаманы иеленсе,  биатлоннан 12 жолдаманы еншіледі. Шорт-тректе Қазақстанда 9 жолдама бар. Тау шаңғысы спорты бойынша 4 жолдама және шаңғымен трамплиннен секіру спортында да 4 жолдама сондай-ақ шаңғы қоссайысы бойынша қазақстандық команданың 2 лицензиясы бар.

«Бүгінгі таңда олимпиадалық команда құрамына барлығы 32 спортшы кірді. Қазір ҰОК халықаралық федерациялардан биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатика сияқты лицензияларды қайта бөлу нәтижелерін күтуде. Олимпиадаға қатысушылардың толық тізімі 20 қаңтардан кейін жарияланады. Қазақстан Олимпиада құрамасының формасы 20 қаңтарда таныстырылады. Бейжің-2022 ойындарына қатысу үшін олимпиадалық жабдықтар дайындау жұмысы бір жылдан астам уақытқа созылды.

Жақында жарыстарын аяқтағандар Бейжіңге кетер алдында карантинге жатқызылады. Барлық атлеттер кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Спорттық күнтізбеге дайындық, жарыстарға қатысу, шетелдік жиындар мен жарыстар, соның ішінде елдегі халықаралық жарыстар –осы жағдайлардың барлығын Мәдениет және спорт министрлігі және ҰОК атқарды.
Енді спортшылар үшін жауапкершілікке толы кезең басталды. Қазақстандық жанкүйерлер біздің команданы барынша қолдайды, деп үміттенеміз», – деді Андрей Крюков.

Сондай-ақ ол ұйымдастырушылардың олимпиадашыларға қоятын талаптарына тоқтала келе, Олимпиадаға қатысушылардың қозғалыс пен жүріс-тұрыс ережелері Қытаймен шекараны кесіп өтпес бұрын арнайы қатаң реттелгенін айтты.

Ойындар кезінде олимпиадалық аумақтағы барлық қатысушылар күн сайын коронавирусқа тест тапсыруы керек және олардың орналасқан жері жазда Токиодағы ойындардағыдай ұялы телефонға орнатылған арнайы қондырғы арқылы бақыланады.

Айта кетейік, Олимпиадаға әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады, деп жоспарлануда. Жарыс бағдарламасында спорттың 7 түрінен, 15 спорттық пән бойынша 109 медаль ойнатылады.

Жарыс үш негізгі жерде – Яньцин, Чжанцзякоу және Бейжіңде өткізіледі. Құрама 27 қаңтарда Air Astana әуе компаниясының чартерлік рейсімен Hұp-Сұлтан қаласынан шығып, Алматы қаласына аялдап, Қытайға ұшады. Бейжің Олимпиадасы  4 ақпанда басталады.