«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен ақпан айының 8 күні «Темір» атындағы жалпы орта мектебінде Отырар музей-қорығының негізін қалаған Асантай Әлімовтың 11 ақпан туған күніне орай «Музей адамы – Асантай Әлімов» тақырыбында ғылыми–тәжірибелік семинар және көшпелі көрме өтті. Тағлымды іс-шараға мәдениет саласының қызметкерлері, орта білім беру мекеме өкілдері, оқушылар қатысты. Семинарды ашып беру үшін сөз берілген Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми-кеңесшісі Н.Алдабергенов пен аудандық мәдениет сарайының қызметкері, ҚР суретшілер одағының мүшесі Ә.Мәлік музей адамы атанған Асантай Әлімовтың қызметіне және оның Отырар жерінен республикалық дәрежедегі музейдің ашылуы жолында жасаған ерең еңбектеріне тоқталды.
Семинарда Отырар музей- қорығының қызметкерлері А.Жұмашова «А.Әлімов әлемі, Қ.Кемелова «Рухы музей деп жаралған жан», «Темір» атындағы жалпы орта мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі А.Жанқожаева «Тарихын сүйген нар тұлға» тақырыптарда баяндамалар оқып, туған өлкесіндегі көптеген заттық-тұрмыстық мәдениет ескерткіштерін тауып, ғылымға «Отырар-Қаратау археологиялық мәдениет ескерткіштері» деген атпен енген тарих пен мәдениет құндылықтарының табылуына, сақталуына, зерттелуіне орасан үлес қосқан өлкетанушы жайлы мағлұматтар айтылды.
Семинар барысында мектеп оқушылары тұлғаға арналған жыр-шумақтарын айтса, «Темір» мәдениет үйі қызметкерлері дәстүрлі әндерден шашу шашты.
Жиын соңында «Темір атындағы жалпы орта мектебінің» оқу ісінің орынбасары Анар Пірман семинарды ұйымдастырушылар мен қатысушы қонақтарға ризашылығын жеткізіп, Отырар музей-қорығы директоры атынан алғыс хаттар тапсырылды.
Семинардан соң, жиынға жиналған көпшілік Асантай Әлімовке арналған көрмені тамашалады.