Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай жұмыс сапарымен Түркістан қаласына келді.  Мәртебелі қонақ Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, Ұлы даланың тарихи қайраткерлері мен билеушілерін еске алып, киелі орынның, кітапхананың, үлкен және кіші Ақсарайдың, сегіз бұрышты кесененің, қылует жерасты мешітінің тарихымен танысты.

Фуат Октаймен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тарихи нысандарға барды. Министр мәртебелі қонақтың Қазақстанға сапарынан естелік ретінде оған Қожа Ахмет Яссауи мөрінің көшірмесін табыс ете отырып, Қазақстан-Түркия қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Түркия Республикасының вице-президенті өз кезегінде Түркістан қаласы бүкіл түркі әлемі үшін қасиетті орын екендігін, түркітілдес мемлекеттердің бүкіл кеңістігінде білім беру және мәдени орталық ретінде зор мәртебеге ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Фуат Октай Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ұлы тұлғалардың мұрасын терең зерттеу қажеттігіне тоқталып, Абай Құнанбайұлының ғылым туралы шығармасынан үзінді оқыды.

Дәурен Абаев пен Фуат Октай Түркістандағы бірқатар мәдениет нысандарын, «Керуен сарай» кешенін, «Алтын Самұрық» 8D ұшу орталығын аралады.