Сәуір айының 18-і күні «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-нің ұйымдастыруымен «Туған өлке тарихын тани біл» тақырыбында білімділер сайысы өтті. Іс- шараның мақсаты: тарихи-мәдени мұраны сақтау, өлке тарихын насихаттау арқылы жас жеткіншектерді отансүйгіштікке баулу және өлкетанулық білімін кеңейту.Шара аясында сайысқа қатысушы оқушыларға «Отырар өңіріндегі туристік бағыттағы ескерткіштер» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылып, Отырар музей-қорығы мен Арыстанбаб кесенесінің экспозиция залдары және Отырар қалажұртында аршылған құрылыс нысандарына таныстырылып, олардың сайысқа деген білімін шыңдай түсті.Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараға аудан көлемінде орналасқан мектептердің 5-6 және 8-9 сынып оқушылары қатысып, өңір тарихына, ескерткіштерге байланысты дайындалған сұрақтар бойынша топ-топқа бөлініп жауап берді.Сайыс нәтижесі бойынша жүлделі І орынды Жамбыл орта мектебінің 7-9 сынып оқушыларынан құралған «Болашақ» тобы иеленсе, ІІ орынды тағы осы мектептің 5-6 сынып оқушыларынан құралған «Жас өлкетанушылар» тобы иеленді. Ал, ІІІ орынды Көкмардан орта мектебінің 8-9 сынып оқушыларынан құралған «Көкмардан» тобы иеленді. Сонымен қатар, Отырар балалар мен жасөспірімдер орталығының өлкетану, туризм үйірмесінің тәрбиеленушілері Қайрат Ұлжалғас «Ең жас өлкетанушы», Дәулетияр Үміт «Үздік қатысушы» және «Көкмардан» тобынан Нұрбекұлы Мерей «Белсенді жауапкер» номинациялары бойынша марапатталды. Қатысушыларға мекеме тарапынан арнайы алғыс хаттар мен қатысу сертификаты табысталып, ақшалай сыйлық берілді.