«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында және Балалар жылына орай мектеп жасындағы балалардың ой өрісін, шығармашылық қабілетін дамыту, дарынды балаларды ынталандыру, туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын оқып, үйрену және отаншылдыққа, мемлекетшілдікке баулу мақсатында «Отырар өркениеті балалар көзімен» атты байқауы өтті.
Байқауға Отырар ауданындағы мектептердің 8-11 сынып оқушылары топпен қатысып, 3 кезең бойынша бақтарын сынады.
1 кезеңде — «Өткенге саяхат» деп аталады. Бұл кезеңде қатысушылар алдын-ала Отырар алқабының тарихи-мәдени мұраларын насихаттауға бағытталған видеороликтерін көрсетсе, «Өркениеттің діңгегі» атты кезеңінде қатысушы топ Отырар өркениетін немесе Отырардың тарихи-мәдени мұрасын қамтитын сурет салып, оны топтың өкілі көпшілікке таныстырады. Ал, 3 кезеңі музей қорын толықтыру мақсатында «Құнды құжат» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар Ұлы Отан соғысы кезеңінде сарбаздардың жазған хаттары, Майданнан жіберілген «Қара қағаз», Отырар алқабы мен ауданның тарихына қатысты фотосуреттер, аңыздар, деректер, қолжазбалар, құнды жәдігерлер және т.б. дерек беретін дүниелерді жинақтаған. Қатысушылар байқауға ұсынған, дерек боларлық «Құнды құжат» немесе құнды жәдігерлер туралы әңгімелеп берді.
Іс-шарада Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Отырар ауданының құрметті азаматы Қыдыр Сағындық, ҚР Мемлекеттік қызмет саланысының ардагері, ҚР білім беру үздігі – Жаппарқұлов Пердехан Абайұлы және Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының сақтау бөлімі меңгерушісі – Шоқай Ералы Төлендіұлы қазылық жасап, 3 кезең бойынша оқушылардың еңбектері бағаланып, ұпай саны бойынша жүлде орындарын анықтады.
Іс-шараны қортындылаған «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, бұл тағылымды шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналатындығын жеткізді. Одан соң марапаттау кезеңі басталды.
«Отырар өркениеті балалар көзімен» атты байқауының нәтижесі бойынша
1 орынды «Сырдария» шағын жинақты негізгі мектебінің оқушылары иеленді. (Жүлде қоры 100000 теңге)
2 орын Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының оқушыларына бұйырды. (Жүлде қоры 50000 теңге)
3 орынды Ш. Уәлиханов жалпы орта мектебінің оқушылары алды. (Жүлде қоры 30000теңге)
Сонымен қатар, «Үздік видеоролик» номинациясы бойынша «Отырар» жалпы орта мектебінің оқушылары, «Құнды құжат» номинация бойынша «Мұңшұқыр» жалпы орта мектебінің оқушылары, «Үздік суретші» номинациясы Т. Ибрагимов жалпы орта мектебінің оқушылары иеленді.(Сыйақы 20000 теңгеден). Сурет салу кезеңі бойынша өз өнерімен әділ қазыларды тәнті еткен жас суретші Сыздық Оразәлі арнайы сертификатпен марапатталды.(Сыйақы 10000 теңге)
«Отырар – біз үшін қазақ тарихының алтын бесігі, Куликов алаңы, Бородино алаңы, Ватерлоо алаңы секілді ерлік алаңы» деп осы топырақтан түлеп ұшқан ұлт мақтанышы Өзбекәлі Жәнібеков айтқандай туған жердің өткенін мақтанышпен айту әрбір отырарлықтың міндеті болса, Отырардың тарихи-мәдени құндылығын насихаттау – ПАРЫЗЫ.
Бүгінгі туған өлкеміздің тарихын насихаттау, дәріптеу мақсатында өткен байқауымызға қатысқан мектеп оқушылары мен ұстаздарға ұжым атынан алғыс білдіре отырып, Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз!