ОТЫРАРДА ШЕБЕРЛЕРДІҢ ӨНЕРІ НАСИХАТТАЛДЫ (суреттер-01)
9 маусым күні қазақ өркениетінің алтын діңгегі, көне өркениет ошағы Отырарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қолөнер – халық қазынасы» атты республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапқан, ата-бабаларымыздың ертеден қастерлеп бағалаған дүниесі ұлттық қолөнерін қайта дамыту, насихаттау. Сонымен қатар, осы өнерді мұра еткен бүгінгі шеберлердің керемет туындыларын көпшілікке насихаттау болып табылады.
Жәрмеңкеге еліміздің бірнеше өңірлерінен шеберлер қатысты. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы, Ақтөбе облысы, Павлодар облысы, Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Шымкент қаласы, Түркістан облыстарынан жалпы саны 60 шебер қатысты. Олардың ішінде Зергерлер, ағаш шеберлері, тоқыма, киіз басу, кесте, керамика шеберлері, тері өңдеу, ұлттық киім шеберлері, түрлі кәдесый жасаушылар т.б. өнердің бірнеше жанрлары бойынша шеберлер бар.
«Қолөнер – халық қазынасы» атты республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін ашып беру үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сейітова Күміс Қарсақбайқызына сөз беріліп, ол өз сөзінде қолдарынан бал тамған өнер иелеріне сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға министрдің атынан алғысын жеткізді. Одан соң, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының м.а Жангелді Махашов және Бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша вице-президенті, «Біздің мұра» қоғамдық қорының Президенті, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұловалар құттықтау сөз сөйлеп, қолөнер шеберлерге сәттілік тіледі.
Құттықтаулардан соң, шеберлердің туындыларын сарапқа салып, баға беретін әділ қазылар таныстырылып, республикалық жәрмеңкенің лентасы қиылды.
Жәрмеңкеде алуан түрлі сыйлықтар – зергерлік бұйымдар, керамика, былғары, ағаштан, тоқымадан жасалған бұйымдар қойылды. Ұлттық оюмен өрнектелген қазақи киімдер де жәрмеңкенің көркін ашты. Жәрмеңкедегі қандай да бір заттан қазақтың тарихы, тағдыры, тәлімі мен тәрбиесі, даналығы мен дала көңілі айқын көрініп, көздің жауын алды.
Бір күнге созылған жәрмеңкені Отырар халқы мен қонақтарынан 2000 нан аса адам тамашалап, жәрмеңке саудасының көрігін қыздырды.
Шеберлердің өнері мен туындыларын сараптау комиссиясына Тынық мұхиты Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің Вице президенті, «Біздің мұра» қоғамдық қорының Президенті, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Бекқұлова Айжан Абдыманапқызы төрағалық етті. Комиссия құрамында Шығыс қазақстан қолөнершілерді қолдау ресурстық орталығының жетекшісі – Мұхамеджанова Раиса Черяздановна, Тұран – Қазақ суретшілер консолидациясының мүшесі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» белгілі суретші Мәлік Әділхан Табылханұлы, Түркістан облысы мәдениет басқармасы Мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Бйғазы Заңғар Бақтиярұлы болды.
Шара соңында барша қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, үздік деп танылған 14 қатысушыға жүлделер тапсырылды.
Жүлделі орындар бойынша ІІІ дәрежелі дипломды отырарлық шебер Құттығыз Палмахат және Семейлік Зулай Сұлтанова иеленсе, ІІ дәрежелі дипломды Ақтөбе қаласынан келген зергер Атраубаев Болат, ал І дәрежелі диплом Түркістан қаласының зергері Тасов Қалмырзаға бұйырды. Бас жүлдені Алматы қаласынан келген кесте өнерінің шебері Абдубайт Айжан иеленді.
Қазақстан республикасының Өнер қайраткері Дәркенбай Шоқпарұлы атындағы номинацияны Шымкент қаласынан келген зергер Дәурен Миншарипов, «Қазақ гобелен өнерінің іргетасын қалаушы Батырбек Өтепов атындағы номинацияны» Түркістан қаласынан келген тоқымашы Мереке Айдарша, «Мемлекет және қоғам қайраткері этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков атындағы номинацияны» Жамбыл облысынан келген ағаш шебері Қазым Аманқосов, «Қазақтың ұлттық ою-өрнегін зерттеп жаңғыртушы Ғани Иляев Атындағы номинацияны» Шымкен қаласынан келген зергер Рафиков Икрамжан, «Қазақ ұлттық гобеленінің негізін салушылардың бірі Құрасбек Тыныбеков атындағы номинацияны» Шымкент қаласынан келген тоқыма шебері Күләш Айдарбекова иеленді.
Ынталандыру сыйлықтарын Шымкент қаласынан келген киім тігу шебері Шермұхаммедова Элмира, Абай облысынан келген киіз басу шебері Боқбасарова Айман, Түркістан облысының шебері зергер Желдібаев Әшірбек және Жамбыл облысынан келген тоқымашы Үсіпәлиева Айман иеленді. Отырарда өткен қолөнершілердің дүбірлі шарасына арнайы шақырылған қонақтар мен қатысушылар тарапынан өте жоғары баға беріліп, ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік шара соңында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының м.а Жангелді Махашов тартымды да талғамды өткен іс-шараға қатысушыларға алғысын жеткізіп, музей қызметкерлерін министрдің марапаттарын табыс етті. Атап айтар болсақ, таныстырушы Әмзе Нұрсейіт Номанұлына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталса, Бас есепші Айнұр Жүсіпқызы, ғылыми қызметкер Нұрлан Сералы, Гүлмира Арыстанбаевалар Құрмет граммотасымен марапатталды.
Бүгінгі жоғары деңгейде өткен республикалық жәрмеңке ұлттық қолөнер бұйымдарының ешқашан бағасын бәсеңдемей, құндылықтары сақталатыны тағы бір дәлелдене түсті.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұжымы атынан жәрмеңкеге қатысқан алтын қолды шеберлерімізге және іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға алғысымыз шексіз!