Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің тарихы

Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың бірі.

Отырар ежелгі заманнан-ақ қаласында ғылым, мәдениет, сауда, даласында егін, мал шаруашылығы қарқынды дамыған әлемдік ірі мәдени орталықтардың бірі болды. VІ-ХVІ ғасырларда Фараб (Отырар) аймақтың бас қаласы, Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық орталығына айналды.

Деректерге сүйенсек, Отырардың соңғы тұрғындары қаланы ХVІІІ ғасырдың орта шенінде тастап Түркістан, Шымкент, Шілік жағына қоныс аударған. Содан бергі дәуірлерде ол қаңырап бос қалды. Жергілікті тұрғындар Отырартөбе деп атап кеткен, үйіндіге айналды. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады. Кең ауқымды зерттеу 1969 жылы Кемал Ақышев басшылық еткен кешенді экспедицияның жүргізген қазба жұмыстарымен жалғасады. Нәтежесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылады.

Осы зерттеулер нәтижесінде көп жылдардан бері Отырар мен оның төңірегіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерден кездейсоқ және археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көптеген жәдігерлер Шәуілдір ауылындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында сақтаулы.

Музей 1979 жылдың 11-мамырынан бастап ғылыми зерттеу, Мәдени ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі, 1982 жылдан Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музей болып табылады. Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме.

Қорық-музей қарамағында жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатқан 3-республикалық 73-жергілікті дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер бар.

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерге насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында Сапар орталығы ашылды. Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновацияларды дамытып, туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланған.

Музейде Археология ғылыми-зерттеу бөлімі, Тарихи ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімі, Реставрация және консервация ғылыми-зерттеу бөлімі, Қор сақтау ғылыми-зерттеу бөлімі, Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар ғылыми-зерттеу бөлімі, Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс ғылыми-зерттеу бөлімдерімен қатар кітапхана жұмыс жасайды.

Қазақ өркениетінің алтын діңгегі атанған Отырар жеріне бұл күндері жер жүзінен аса қызығушылықпен ғалымдар мен саяхатшылардың саны жылдан-жылға артуда. Қазіргі таңда туристерге Отырар қорық-музейі мен Сапар орталығы, Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалажұртындағы аршылған тарихи нысандар және музей ауласындағы қазақтың «қоржын үйі» этномәдени кешені қызмет көрсетуде, келешекте Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан тоғыз туристік нысанды қосуды жоспарлап отыр.

Мұндағы мақсат – Отырар өңірінің терең тарихы мен мәдениетін насихаттайтын асыл мұраларымызды сақтап ғылыми тұрғыдан жүйелеп адамзат иелігіне тапсыру болып табылады.