Сұлтанмұратов Бауыржан
Бөлім меңгеруші

8 (72544) 2-11-50
exampl@mail.ru

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қайта қалпына келтіру бөлімі 1984 жылы құрылды. Анарқұлов Пернебай, Жусанбаев Ілесбай, Жұмабаев Өсербай, Есен Қасетов секілді қызметкерлер бөлім меңгерушілік қызметін атқарған.
Бөлім құрылғалы оның қызметкерлері қордағы музейлік заттарды қалпына кетірумен, түрлі тақырыптық экспозициялар мен көрмелерді жабдықтаумен айналысты. 1986 жылы эксперимент ретінде керамикалық пеш дайындалып, саздан жасалған жәдігерлерге сынама жасалды. Қалпына келтіру бөлімінің суретші-реставраторы Қарабдалов Кендебай жергілікті сазды пайдалана отырып, саздан жасалған жәдігерлердің технологиясын анықтайтын үлкен эксперимент жұмысын жүргізді.
Арада аздаған үзілістен соң бұл бөлім 2005 жылы реставрация және консервация бөлімі болып қайта ашылды. Оған себеп қорық-мұражай қызметкерлерінің Отырар оазисінде ЮНЕСКО жүргізген консервациялық шараларға қатысып, тәжірибе жинақтауы болды.
Отырар алқабының ескерткіштері ЮНЕСКО–ның бүкіл әлемдік мұра бағдарламасының алдын–ала тізіміне енген. 2001 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау туралы келісімге қол қойылып, оған қоса ЮНЕСКО–ның қаржылай көмегі көрсетілді. Осы жоба шеңберінде Ғылым және білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Республикалық ғылыми –зерттеу институты және материалды мұра ескерткіштерін жобалау институты мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі бірігіп жұмыс жасады. 2001-2004 ж.ж. ЮНЕСКО – Қазақстан – Жапон бірлесіп іске асырған халықаралық жоба бойынша консервациялау сатысына өтті.
Елбасымыздың бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004-2012 жж. Ә.Марғұлан атындағы археология институты және Қазреставрация РМҚМ мамандары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, оның ішінде бөлім қызметкерлерімен бірлесіп біршама жұмыстар жүргізіп келеді. Отырар қалажұртының ХVІ ғ. жұма мешіті, ХVІ ғ. тұрғын үй орамы, ХІ –ХІІ ғ.ғ тұрғын үй жайлары, қорған қабырғалары сияқты бірқатар нысандарында зерттеу, консервациялау, музейлендіру жұмыстары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
Бөлім қызметкерлері еліміздің басқа да өңірлерінде орналасқан ескерткіштерде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулерге қатысуда. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстандағы Сауран, Алматы облысындағы Қойлық, Қызылорда облысындағы Арал –Асар, Кердері, Тараз қаласындағы Төрткүл, Тараз қалажұрттарындағы зерттеулерге, Жамбыл облысының Қордай, Талас, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының ескерткіштер жинағын жасауға қатысты. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері музей қорындағы металл, шыны, көн-тері, ағаш, керамикадан жасалған музейлік заттарды ғылыми негізде қалпына келтірумен айналысуда.
Алдағы уақытта Отырартөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Алтын төбелердегі қазба барысында аршылған нысандарды қалпына келтіріп, музейлендіру жұмысымен айналысу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, реставрация және консервацияға қатысты ғылыми әдебиеттерді, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді қазақ тіліне аударып, меңгеруде.
Реставрация – мұражай ісінің ажырамас әрі маңызды бөліктерінің бірі. Отырар музейі құрылғаннан бері онда реставраторлар жұмыс істеп келеді. Олардың қолымен жүздеген музейлік заттар жөндеуден өтіп, жаңғырып, қайта түледі.