Музей 1979 жылдың 11-мамырынан бастап ғылыми зерттеу, Мәдени ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі, 1982 жылдан Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музей болып табылады. Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме.

Қорық-музей қарамағында жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатқан 3-республикалық 73-жергілікті дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Музей ғимараты үш қабатты кешеннен тұрады.

Бірінші қабатта қор-сақтау бөлмелері, ғылыми бөлімдер және кітапхана орналасқан.

Екінші қабатта музей экспозициясының археологиялық бөлігі жасақталған. Экспозицияда Отырар және осы өңірдегі археологиялық ескерткіштерге айналған қалалар мен қалашықтардың терең тарихына байланысты І-ХVІІІ ғасырлар аралығын қамтитын жәдігерлер кеңінен көрсетілген.

Үшінші қабаты ХІХ-ХХ ғасырлар аралығындағы Қазақ халқының тұрмыс тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері және мәдениетін көрсететін этнографиялық жәдігерлер мен экспозицияланған.