Қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы

Қазақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал өсіру болды. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанды. Қазақтардың көші-қонының қашықтығы әр түрлі болып келетін. Жаңа қонысқа көшуден бұрын ауылдың тәжірибелі адамдары жер шолып, малға жайлы жайылым іздестіретін. Онда жерінің шөбі шүйгін, міндетті түрде су көзінің болуы қарастырылды. Аталас туыстар әдетте белгілі бағытта бірлесіп көшетін. Қыс кезінде үйір-үйір жылқылар ашық далада қарды тұяғымен аршып, тебіндеп жайылатын. Жылқы тебіндеп жайылған соң ол жерлерге мүйізді ірі қара, түйе және уақ мал жіберілетін. Көшпелі қазақтардың өсіретін малының негізгі түрлері қой-ешкі, жылқы мен түйе болды.

Ұлттық киім

Киім – денені ауа райының, сыртқы ортаның зиянды әсерінен қорғайтын, адамның денесіне киюге арналған жасанды жамылғы түрі, тұтыныс бұйымы. Киімнің шығуы адам еңбектерінің ерекшеліктеріне, қоғамдық өндіріс пен мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты. Киім қоғамның материалдық және рухани құрамдас бөлігі болып табылады. Бір жағынан бұл адамдардың еңбегімен жасалған және кейбір қажеттілікті қанағаттандыратын материалдық құндылықтар болса, екіншіден – ол адам қабілетін эстетикалық жағынан өзгертетін қолданбалы сән өнері. Бізді қоршаған ғимараттар, еңбек, тұрмыс заттарымн қатар, киім де өндірістік күштердің тарихи кезеңдерде дамуын, климаттық жағдайды, халықтың ұлттық ерекшелігін, оның әсемдікке деген талғамын көрсетеді. Киім адамның өмір сүруіне аса қажетті негізгі құралдардың бірі бола отырып, белгілі дәрежеде олардың жас айырмашылығын, әлеуметтік жағдайы мен этникалық ортасы туралы мағлұмат беретін этномәдени белгі. Ұлттық киім – бай тарихи-мәдени мұра. Оны зерттеу бізді өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халықтың хал-ахуалынан кең көлемде жан-жақты хабардар етеді. Қазақ халқының киімі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиеттерге толы. мұның басты себебі: қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты.

Киіз үй

Қазақ тұрғын жайының тарихы Қазақстанның кең байтақ жерін мекендеген ежелгі тайпалардың елді мекендері мен қоныстарынан бастау алады. Археологиялық және ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижесінде тұрғын үйлердің қола дәуірінен бастап өзгеріске ұшырағанын айқындауға болады. Әрине, бәрімізге белгілі қазақтың ХІХ ғасырдағы тұрғын жайын Қазақстанды мекендеген көне тайпалардың тұрақтарының пішіндерімен ұқсастыру мүмкін емес. Қоғамдағы шаруашылықтың өзгеруі, техника деңгейінің дамуы, әлеуметтік және экономикалық өсу тұрғын жайдың даму процесіне өз ықпалын тигізбей қоймайды. Осылайша халықтың түбегейлі мал шаруашылығына ауысуынан кейін Қазақстанның біршама жерінде тұрақтар мен мекен-жайлар сирейді, алайда тұрғын жайдың жылжымалы түрлері пайда бола бастайды. Үнемі жаңа тайпалармен толығып отыратын қазақ даласының этникалық құрамы өте күрделі, бірақ сол этникалық топтардың арасындағы қарымқатынас қазақтың халық болып қалыптасуына өз ықпалын тигізді. Жаңа топтар өзімен бірге мәдениетін, оған қоса өздерінің дәстүрлі тұрғын үйін, үй салу әдісін ала келген. Дегенмен, мәдениеті бөтен халық, әсіресе тұрғын үйі, Қазақстанның табиғи жағдайына бейімделу барысында өздерінің ата-бабаларынан қалған үй соғу әдісін жергілікті әдіс-тәсілдерді қолданғаннан кейін ғана пайдаланған. Ал көшпелі үйдің пішінінің көлемі кең қазақ даласында қалыптасқаны анық. Қазақтар үшін ХV – XVI ғғ. жылжымалы киіз үй тұрғын жайдың негізгі формасы болғаны анық. XVI ғасырдағы парсы жазушысы Рузбихан Исфагани қазақ тұрғын үйлері жайында «жылдам жиналады және ірі жануармен тасымалданады» деп жазады.

Зергерлік өнер

Көркемөнер шығармашылығы ─ халықтың мәдениеті мен материалдық дүниетанымының, этностың өзін танытудың маңызды бір саласы болып саналады. Онда ұлттың өзіндік ерекшелігінің мәні, мәдениеті мен өркениетінің тамаша үлгілері ықшам, әрі терең бейнеленеді. Қазақ халқының шығармашылық, философиялық көзқарасымен байланысы бар бұл өнері этно мәдени болмысының қалыптасуына, ұлттық мәдениетінің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Қазақ халқының көне заманнан сыр шертетін дәстүрлі қолөнерінде сәні мен салтанатына тәнті етерлік зергерлік өнер маңызды орын алады. Неолит заманынан бастападамдар сүйектен, ұлутастан жасалған түрлі алқа, білезіктер таққан. Сәндік үшін тағылатын әшекей бұйымдар киім-кешектің талғамдық тартымдылығын арттырумен қоса, адамға игі әсер ететін айрықша магиялық қасиетке ие деген наным-сенімге байланысты да пайдаланылған. Ер адамдар күшін, батырлығын көрсету үшін өзі аулаған аңдардың сүйектерін, тістерін әшекей ретінде пайдаланған. Бұл оларды топ арасынан ерекешелеп тұратын болған. Уақыт өте зергерлік бұйымдардың сәндік рөлі алдыңғы орынға шыға бастайды, ал тіл-көзден, бәле-жаладан қорғау қызметі өзінің мәнін сақтап қалғанымен, екінші кезекке ысырылады.

Теміршілік өнері

Темірден түйін түйетін ұсталар халық арасында үлкен құрметке ие болған. Оларды ұста, дархан, шебер деген атпен атаған. Халық арасында темір ұсталары қандай да бір тылсым күш иелері деген пікір қалыптасқан. Бұндай пікір бұл өнер иелеріне түркітілдес халықтардың арасында ертеден қалыптасқан. Темір ұсталары темір өңдеудің тәсілдерінің кейбір құпияларын сақтай отырып, оны ұрпақтарына мұра есебінде қалдырып отырған. Олардың ұсталық өнері мен шеберліктері қазақ халқының эпостық жырларында жырланған, мысалыға «Қоланды батыр» поэмасында. Қазақтың ұсталық өнері қарапайым халықты шаруашылықта, тұрмыста пайдаланылатын заттармен қамтамасыз етіп отырған. Жұмыс барысында ұсталар көрік, төс, метал ерітуге арналған ожау, әр түрлі көлемдегі балғалар, қысқыш, шапқы, қашау, тескіш, көсеу, бұрғы, түрпі сияқты жұмыс құралдарын пайдаланған. Темір ұстасы өзінің жұмысына темірді ыстық күйінде илеу, қортылған металды қалыпқа құю, темір бөліктерін бір-біріне дәнекерлеу тәсілдерін қолданған.

ХІХ – ХХ ғ.ғ басындағы Отырардағы оқу-ағарту ісі

Дүниежүзілік мәдениетте өшпес із қалдырған ғұлама бабамыз Әбу Нәсір әл-Фараби және оның ізбасарларының отаны болған Отырарда − ежелгі заманнан-ақ ғылым мен мәдениет өркендеп дамыды. Отырар өңіріндегі діни, мәдени, ағарту орындарының ХІХ-ХХ ғасырлардағы жағдайы туралы кейбір деректерде ХХ ғасырдың басында Отырар өңіріндегі Сарыкөлде мешіт-медресе болғандығы айтылған. Сарыкөл медресесі сол кездегі белгілі оқу орыны еді. Айтылған оқу орнының ашып дәріс берген орта азия медреселерінде және Меккеде тәлім алған Оспан әжі Бегалыұлы болды. Аталған бес жылдық оқу орнында осы және басқа да аймақтардан келген шәкірттер оқытып, тәрбиеленді. Мәселен, заманында білімдарлығымен елдің рухани тірегі болған, Зәуірбек молда, Әбусейіт молда, Әкім қары, Охап қожа, Біләл қожа, Оспанқұл молда, Мамырбек молда, Нәби молдалар елдің сауатын ашып білім алуына көп ықпал етті.

Отырар өңіріндегі отырықшы – егіншілігік мәдениеті

Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Отырар қаласы отырықшы мәдениеттің ошағы болған. Отырарда егіншілік мәдениеті мықтап дамып бұл алқапта тары, күріш, жүгері, бидай т.б. азықтық дақылдардан – мақта мен мақсарыдан, асқабақтан, қауын, қарбыздан, жүзім, алмадан тағы басқа да жеміс-жидектерден өнім алынған. Отырар өркениетінде су жүйелерін құру ісі тікелей мемлекет ықпалында болған. Отырар алқабындағы егіншілік мәдениеті көнеден келе жатқан Тостаған, Дүртөбе, Көкмардан, Саңғыл – Арық, Қауған – Арық, Ақ – Арық, Алтын – Арық, Қаракөншек, Темірарық сияқты магистральды каналдарға негізделген. Мұндағы қала мәдениеті дала өркениетімен ұштасқан. 1930 жылдың күзінде қазіргі Отырар ауданы өміріндегі маңызды оқиға – «Шәуілдір съезі» деп аталып кеткен үлкен жиын болды. Жиын нәтижесінде халық Арыс өзеніне бөгет салып, Шәуілдір арнасына су шығарып, ұжымшарларға бірігіп, отырықшылыққа біржола көшті.

Аңшылық пен балық аулау

Аңшылық көшпелі ортадағы қосалқы кәсіптің түрі, негізінен адамзаттың ең көне және ең алғашқы күнкөріс қарекетінің бірі болғанымен, уақыт өте келе кәсіпке ұласқан. Қазақы жіктеу бойынша, қару мен сайманның көмегімен аң қағуды «аңшылық» ал, ит пен жыртқыш құстардың көмегімен аң түсіруді «саятшылық» деп атаған. Аңшылықтың тазымен аң қағу, саят, сонар, салбурын деген сияқты түрлері болса, дәстүрлі аңшылықтың тәсілдері сан алуан: құм қақпан, тас қақпан құру, орға жығу, індету, қысаңға қамап сойылмен ұру, тұзақ, абақ, шаншу, атқы, баспа, ау, тор және т.б. қарапайым қол жетімді әдістер болған. Сонымен қатар бұл тәсілдер үнемі толығып, жетілдіріліп отырғандықтан болар біразы бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Балық аулау кәсібі – адамдардың шаруашылық әрекеттерінің ең көне түрінің бірі. Балық аулау кәсібі әуелгі кезде қарапайым түрде болған: мәселен жағалауларға толқын шығарып тастаған немесе жағалаудан су қайтқан кезде қалып қойған балықтарды жинап алатын болған. Алғашқы кезде балық аулау кәсібінің құралдары есебінде: найза, шанышқы, аң тістері мен сүйектерінен, тастан жасалынған ұштық кигізген гарпундар, қармақтар тағы да басқа табиғи заттар пайдаланылған. Қосымша бөгет жасау, тор салу, кәрзеңке қою, қармақ салу т.б. болған. Археологиялық ескерткіштерде балық аулау кәсібінің одан әрі қарай дамуы сонау жоғарғы палеолит дәуірінен-ақ (қарапайым сүйектен жасалған қармақтар, гарпундардың табылуы) ап-айқын байқалады. Шаруашылық әрекетінің ерекше саласы ретінде балық аулау кәсібінің одан әрі қарай дамуы неолит дәуірінің археологиялық қазба мәдениетінен де көрінеді. Сырдария өзенінен балықтардың ондаған түрлері: көк серке, шортан, табан, жайын, лақа, тұқы кездеседі