«Әл-Фараби» залы 2020 жылдың 13 қарашасында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ашылды.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны және еңбек жолы
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Отырар оазисінде, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Оқсыз (Уасидж) қаласында дүниеге келген (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала).
Фарабидің толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан, әскери қызметшінің отбасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел, оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараб-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб, Самарқанд, Шаш, Бұқара қалаларында бастапқы білімді медреселерден алған ол Иран жерінде болып, онда парсы тілдерін үйренеді. Иран сапарынан соң, Бағдат қаласына аттанып, онда 20 жыл өмір сүріп, алғаш Әбу Башар Мәти Юнусұлынан алғаш логика ғылымын үйреніп, араб тілі мен философиясын жетілдіре түседі. Бағдат сапарынан соң, Түркияның Харан қаласында болғандығы тарихта айтылады. Анадолы сапарынан кейін Фараби Дамаск қаласында болып, онда Сайф ад-Дауланың қабылдауында болып, Шам елінің ақындарымен айтысқа түсіп, Фараби өзінің талантты ұлы ақын, ғұлама екендігін тағы бір дәлелдейді. Ол өте кішіпейіл, атақты сүймейтін адам болғандықтан, одан ешнәрсені қабыл алмаған, күніне тек төрт дірһәмдік пұлмен қанағат еткен. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркемсөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады. Фараби көпшілікпен араласудан қашып, көбінесе су жағасында немесе ағаштар арасында жалғыз отырып шығармаларын жазатын болған. Ол еңбектерін тұтас дәптерге жазбай, парақ-парақ қағаздарға жазатын әдеті болғандықтан, жазған еңбектерінің кейбір жерлерінде үзінді-үзінді кемшіліктер кездесіп отырады.
Әл-Фараби соңғы өмірін Шамда өткізіп, 950 жылы сексен жастан асқанда қайтыс болған. Жаназасын Сайф ад-Даула шығарып, сүйегі Кіші Қақпа сыртында жерленген. /Білім алып, еңбек еткен қалалары картада көрсетілген/.

Әл-Фарабидің шығармалары
Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б. көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.
Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. Әбу Насыр әл-Фараби дүниетанымы – екі әлемнің, көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.


Ұлы ғалым өз заманындағы ғылымды «Ғылымдар тізбегі» деген еңбегінде үлкен бес салаға бөледі:

  1. Тіл білімі және оның тараулары;
  2. Логика және оның тараулары;
  3. Математика және оның тараулары;
  4. Физика және оның тараулары;
  5. Азаматтық және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.
    Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. /Еңбектері – кітап көшірмелері ұсынылып отыр/.

Әл-Фарабидің музыка туралы еңбектері
Музыканың теориясы мен тарихы жөніндегі зерттеулерінде әл-Фараби көптеген ойшылдардан асып түсті. «Китаб әл-мусики әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») деп аталатын еңбегі жарық көрген.
Әл-Фараби музыкалық аспаптарда шебер орындаушы болды, жанынан ән-күй шығарды, музыканы зерттеді, аспаптардың жаңа түрлерін өзі ойлап тауып, жасап шығарды және жетілдірді, өз замандастары қобызшы Нышан Абызбен, аты аңызға айналған күйші Қорқытпен таныс болған. Олардың орындауында «Құс жолы», «Жез табақ», «Сыр сандық», «Желмая» күйлерімен танысады және осы күйлердің әсерімен «Шұбар айғыр»1 күйін шығарады.
Әл-Фарабидің музыкалық аспаптар жөніндегі еңбектерінің маңызды болатын себебі, ол өз заманындағы музыкалық аспаптарды зерттегендігінде еді. Олар – үрлеп тартылатын: най, сыбызғы, қыпшақ; ішекті уд, чанг, рубаб, шахруд, дутар, қобыз, танбур, канун; ұрып ойналатын: нагора, тыйбл, дойра.
Әл-Фараби көне музыкалық аспаптардың шығу тегін табиғаттағы дауысқа балап, соны қайта жаңғыртумен байланыстырады. Мысалы, құмның сусылы, үңгірлерде желдің уілдеп соғуы, қамыстың сыбдыры т.б. Қазақтың үскірік аспабының аталуы желдің үскіріп соғуына байланысты туған. Ал, ұрып ойналатын аспаптар негізінен ағаш пен көн теріні, сүйекті пайдалану негізінде дамыған. Мүйізден, қамыс сабағынан үн шығару үрлеп тартылатын аспаптардың бастамасы еді. Шығаратын үнінің ақырын немесе қатты естілуіне, сондай-ақ сыр-сипатына қарай тұрмыста түрліше дамып отырған. Бұл жайында әл-Фараби: «Соғыстар мен шайқастарда пайдаланатын; би, үйлену тойы, сауық-сайран үшін қолданылатын және махаббат жырларын сүйемелдейтін аспаптар болады» – деп жазған. Үрлеп тартылатын аспаптардың ащы даусын және ұрып ойналатын аспаптардың күшті даусын ұрыстарда, аңға шыққанда, шамандардың бақсылық құру кездерінде пайдаланған.
Әл-Фараби орта ғасырларда негізінен вокалдық музыканың дамығандығын айтқан. Әншілер шертіп ойналатын және ысқышты аспаптардың ішектерін бір сарынмен даңғылдатып сүйемелдей отырып ән салған. Аспаптар қарапайым болғандықтан оларда ойнау мүмкіншіліктері де шектеулі болған, сондықтан әншінің, мың құбылтқан әндерін сүйемелдеуге бұл аспаптар жарамаған. Әл-Фараби адамның даусын ең жетілген және табиғи аспапқа балаған, басқа көне аспаптардың бәрі жетілдірілмеген деп санайды да, оларды аспаптың жасанды түрлеріне жатқызады.
Әл-Фараби арфаның шығу тегі садақ деп жазады. Әуелгі кезде оған екі ішек ғана тағылған, кейін он үшке дейін жеткен, жаңғырық шығаратын шанақ пен құлақтар орнатылған. Әл-Фарабидің айтуынша, көне арфаның басы мен шанағы аққудың бейнесінен аумайды екен, ал шығаратын даусы аққудың қиқулаған үніндей болыпты. Арфа тектес көп ішекті аспаптың диапазонын кеңейту үшін әл-Фараби ішектің санын көбейту керек деп тапқан.
Әл-Фараби шертіп ойналатын аспаптардың бәрін екі түрге бөледі: әрбір ішегі бір ғана үн шығаратындар – арфа, канун; ішекті мойынға басып тарту арқылы түрлі үн шығаратындар – уд, дутар, танбур. Музыкалық аспаптардың екінші түріне жататындар туралы ғалым былай деп түсіндіреді: «… белгілі бір бөлікті саусақпен басып ойнау арқылы қажетті нотаның бәрін де ала аламыз…» Арфа, уд және чанг сияқты аспаптар ежелгі түркі елінде құңқау, күнқу, етиген деген атаумен аталған. Әл-Фарабидің суреттеп жазуына қарағанда танбур бес пернелі болған. Ол аспаптан шығатын екі дыбыс аралық үнді құлаққа жағымды келетін және жағымсыз деп бөледі. Мұнымен қатар ғалым дыбыстың жақсы шығуына аспап конструкциясының әсері жөнінде, шанақ пен астыңғы және үстіңгі қақпақтардың үні икемделіп келу ерекшеліктері туралы бағалы деректер келтіреді.
Орта ғасырларда қолданылған, әнді сүйемелдеуші музыкалық аспаптардың ролін әл-Фараби былайша сипаттап жазған екен: «… аспапта сүйемелденетін вокалдық музыка мейлінше құлпырып, байи түседі, құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиеді және поэзиясы мен ырғақтылығының арқасында оңай жатталады…» Аспаптық музыканың (күй) өмірге келуі, дамуы аспаптардың өздерін жетілдірумен қатар жүреді. Нақ осы жөнінде әл-Фараби қызғылықты пікір айтқан: «Музыканттар аспаптардан адам даусымен салыстырғанда басқаша түрде болып келетін ноталар мен әуендер шығаруға болатынын байқады. Мұндай әуендер жанға жағып, бойды билейтін болғандықтан, вокалдық тондардың барлық қасиеттерін бере алмағанымен де, табиғи әуен ретінде жоғары бағаланған. Олар кейде ән салу ережелерінен ауытқи отырып, әлгі ноталар мен әуендерді қолданатын болды, сөйтіп олардан баға жеткісіз пайда тапты». Одан әрі ғалым өз пікірін дамыта келіп, былай деп толықтырады: «Аспаптық музыканың өзі адам даусын қаншалықты келтіре алатын болса, соншалықты дәрежеде әнге қосылады. Ол адам даусын сүйемелдейді және түрлендіріп байытады немесе прелюдия мен интермедия ролін атқарады. Интермедиялар әншінің тыныс алуына көмектеседі; сонымен қатар олар дауыспен келтіре алмайтын әуенді келтіріп, музыканы толықтырады». Музыкалық аспаптарда ойнаудың өзіндік екі немесе үш дауысты аккордтар трельдер, форшлагтар, күрделі ырғақтар үлгісі пайда бола бастайды, ал бұларды адам даусымен келтіру, көбінесе, өте қиынға соғады, тіпті адам даусын мүлде келтіре алмайды десе де болады. Міне, осы себепті вокалдық және аспаптық музыка арасында айтарлықтай айырмашылықтар байқалуда, ал мұнын өзі, түптеп келгенде, күйдің пайда болуына әкеліп соқты. Қазақтың домбыра және басқа да музыкалық аспаптары күйлердің дамуымен бірге жетілдірілген. Әл-Фарабидің «Китаб әл-мусики, әл-кабир» кітабы музыка зерттеу ғылымы үшін күні бүгінге дейін өзінің баға жеткісіз құнын жойған жоқ. Ол Шығыс халықтарының сонау бағзы замандағы музыкалық мәдениетінен мағлұмат беріп, біздің білімімізді кеңейте түседі. /Музыкалық аспаптар; «Музыканың ұлы кітабы» еңбегінің көшірмесі/

Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттері.
Орта ғасыр кезеңінде, әсіресе, аль-Фараби өзінің философиялық жүйелі ойларымен, ғылым тарихында, логика, музыка теориясы, астрология, теоретикалық медицина, математика, мемлекет іліміне қатысты өзінің жарқын ойларын таныта отырып әлемдік ғылымға өзіндік ізін қалдырды. Академик М.М.Хайруллаев айтқандай, Әл-Фараби ілімі Ибн Сина, Ибн Туфейль және Ибн Рушд, Омар Хайям секілді аса көрнекті ғалымдарды, шәкірттерді дүниеге әкелген.
Әбу Әли Хусейн ибн Абдуллах ибн аль-Хасан ибн Әли ибн Сина батыс елдерінде Авиценна атымен белгілі – ғалым, пәлсапашы, астроном. Ибн Сина 980 жылы 16 тамызда Бұхара маңындағы Афшана ауылында дүниеге келген. Ол 456-ға жуық еңбек жазды, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жетті, ол еңбектер поэзия мен философиядан бастап, геология және астрономиямен аяқталып, білімнің барлық саласына арналған. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацепт ретінде ие болды. Ол бар болғаны 57 жыл өмір сүрсе де (980-1037), оның өмірі мен дарыны осы уақытқа дейін аңызға айналып келеді. 10 жасқа жеткенде Құранды жатқа білді, оның ана тілі парсы тілі болса да, араб тілінің грамматикасын меңгеріп алды. Әбу Әли ибн Синаның «Анатомия мен физиологияға кіріспе», «Дәрігерлік ғылымның ережелері» («Канон врачебной науки») еңбектері өте құнды. Бұл еңбектерінде анатомия мен физиологияны жүйелеп, қосымша мәліметтермен толықтырған. Кітап латын тіліне аударылып, 30-дан астам рет қайта басылып шыққан. Өзінің үйден оқытатын мұғалімі Абу Абдаллах Натилидің жетекшілігімен ойлау туралы ғылымды, евклидтік геометрияны, астрономияны оқи бастады. Оқудың соншалықты табысты жалғасқаны, шәкірті мұғалімнен озып, кейде оны тұйыққа тіреп қоятын. Ибн Сина бірінші болып оба, тырысқақ, сары ауру туралы жазды, олардың шығу себептерін, нышандарын талдап шықты, мұндай ауыр ауруларды, менингит сияқты, асқазан жарасы, диабет және көптеген басқа аурулардың емдеу әдістерін талдап қарастырды. 15 ғасырда кітап басып шығаруды ойлап тапқан соң, бірінші басылымның бірі болып «Ереже» басылып шықты. Еуропада жиі басылып шығуы жағынан Библиямен бәсекелесті, ал ол бар болғаны 40 рет басылып шықты. 17 ғасырдың соңына дейін «Дәрігерлік ғылымның ережесі» студент-дәрігерлер үшін және Еуропада дәрігер үшін жетекші болуда, Шығыс елдерінде де негізгі оқулық болып қалды.
Омар Һайям – парсы математигі, астрономы, ақын, философы (толық аты – Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-Һайям) шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қаласында дүниеге келген, әрі сонда қайтыс болған. Араб, парсы тілдерін қатар меңгерген ол “Болмыс және борыш туралы трактат” (1080), “Үш сауалға жауап”, “Жалпы ғылыми пән туралы ақылдың нұры”, “Өмір сүру туралы трактат” (1980 – 91), “Наурызнама” (1095 – 98), “Өмір сүрудің жалпылық қасиеті туралы трактат” (1105-10), т.б. философиялық еңбектер жазды. Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жұмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген. Оның ең негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударлып басылды. Осы кітапта алгебраға «теңдеу шешетін ғылым» деген анықтама берген, бұл анықтама 19-ғасырдың соңына дейін сақталып келді. “Қатынастарды құру және оларды зерттеу” туралы кітабында шамалардың рационал және иррационал қатынастарына сандық өрнек табу жөніндегі Әбу Насыр әл-Фараби идеясын дамытып, сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту қажеттігін дәлелдеді.
1394 жылы 22 наурыз күні дүниеге Мұхаммед Тарағай /Ұлықбек/ деген бала келді. Кейін оған Ұлықбек деген лақап ат беріледі. Оның әкесі Шахрух Темірдің үшінші баласы еді. Шахрух біраз билеуші болып, кезінде ғылымның өркендеуіне үлкен қайырым жасаған кісі. Ұлықбек жастайынан поэзияға, тарихи білімге, астрономия мен математикаға құмарланады. Ұлықбектің ғалымдығының қалыптасуына оның атасы Темірге ілесіп мәдени, ғылыми дәстүрлері бай елдерді аралауы үлкен әсер етеді. Ұлықбек жас шағында осылай Армения, Азербайжан, Грузия, Иран, Туркия және Ауғаныстандарды аралап көреді. Бұған қосымша, Ұлықбектің ғалым болып шығуына әкесі Шахрух жиыстырған Самарқандағы аса бай кітапхана да зор себепші болады. Ұлықбек Платон, Аристотель, Гиппарх, Птоломей сияқты ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен жақсы таныс болады. Сонымен қатар, ол өзінен бұрын өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстылары Хорезми, Фараби, Ферғани, Бируни, Ибн Сина, Насреддин әт-Тусилердің негізгі еңбектерін жете білген. Ұлықбектің мемлекеттік қайраткер ретінде істеген ең ірі жұмысы – Самарқанда аса зор астрономиялық обсерватория салдыруы болды. Бұл Ұлықбектің ғылым мүддесін көздеп, болашақ үшін жасаған үлкен ерлігі болып саналады. Ұлықбек обсерваторисының негізгі мақсаты – дәлдігі өте жоғары бақылаулар жасай отырып, Марага обсерваториясында жасалған астрономиялық таблицалардың қателерін түзету болды. Ұлықбек обсерваториясының ең басты еңбегі – “Зидж Гурганидың” (”Ұлықбек зиджі”) жасалуы болып табылады. Бұл Ұлықбектің басшылығымен жүргізілген көп оқымыстылардың коллективтік еңбегі болып табылады. “Зидж” деген парсы сөзі, ол астрономдар мен географтар үшін жасалған таблицалар жинағы дегенді білдіреді.
Ұлықбектің обсерваториясында түрлі елдердің байырғы астрономиялық білім-дағдылары жинақталып, “Ұлықбектің баяндауындағы Қытайдың, Сирияның, гректің, арабтың, парсының, Хорезмнің атақты астрономдары” деген атпен жеке кітап болып жарыққа шығады. “Зидж Гургани” төрт бөлімнен тұрады: 1.Календарлар туралы. 2.Уақыт өлшеу жөнінде. 3.Планеталардың қозғалымын анықтау жайында. 4.Астрономиялық басқа мағлұматтар туралы.
Мұнда астрономияның теориялық негіздерімен қатар 1019 жұлдыздың орнын көрсететін каталог жасалған. Бұл каталог дәлдігі жөнінен Тихо Брагенің бақылауларына дейінгі барлық каталогтардан тәуір болды. Ол Лондонда 1650-65 жылдардың өзінде қатарынан үш рет басылып шықты. XIX ғасырдың орта кезінде Ұлықбек таблицаларының Лондондағы астрономиялық қоғам қайта бастырады. “Кіріспенің” толық аудармасы жарияланады. Салыстыра зерттеу үшін ол таблицалардың маңызы келешекте де еш төмендемек емес. Ұлықбек обсерваториясында да экватордың эклиптикаға көлбеулігі бес планетаның орташа жылдық қозғалысы жұлдыздық жылдың ұзақтығы жөнінде дәлдігі өте жоғары өлшеулер жүргізілді. Ұлықбектің өлшеуі бойынша бір жылда 365 күн 6 сағат 9 минут 15 секунд бар. Сонда жіберілген қате бір минуттан да аз. Осылармен қатар Ұлықбек обсерваториясында жылдық процессияның мәнін бұрынғыларға қарағанда дәлірек тапты деуге негіз бар.

Ұлы бабалар рухына тағзым.
2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Елбасы тапсырмасымен сол кездегі еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен бір топ қазақстандық делегация (академик Т.Қожамқұлов, Ә.Құртаев, Ж.Нұсқабаев, Н. Жұмашев) Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың жерленген жері – Сирияның астанасы Дамаск қаласындағы «Баб ас-Сағир» – «Кіші қақпа» зиратына барып, Отырардың бұрынғы Оқсыз қалашығының орнынан бір уыс топырақ пен бір түп жусан алып, ұлы бабалар әруағына тағзым етілді. Бұл ұлы сапардың мақсаты – «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ғұламамыз һәм жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби мен батырлардың батыры әз-Захир Бейбарыс Сұлтанның қабірлеріне туған жердің топырағын салу және бабаларымыз жатқан қасиетті топырақты туған жеріне жеткізу, олардың рухтарын оралту, болашақта әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерге жол ашу еді. Сирия елінен әкелінген Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабамыздың топырағы Арыстанбаб әулиенің қасына қойылып, белгі орнатылды. /Фотосуреттер/.

Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы
/Дамаск қаласы/
2007 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сирия Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Дамаск қаласында Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығының және кесенесінің құрылысын салудағы, Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс кесенесін қалпына келтірудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Орталықтың құрылысы 2008 жылы басталып, ҚР-ның 2008 жылғы 21 қарашадағы №90-IV Заңы қабылданды. Бұл құрылысқа Дамаск қаласындағы «Әл әл-Бейт» некрополінің солтүстік-шығыс бөлігінде алаңы 0,22 га жер учаскесі белгіленіп берілген. Құрылыс 2012 жылы толық аяқталып біткенімен, Сириядағы ахуалға байланысты тарихи-мәдени орталықтың ашылуы ресми түрде өткізілмейді. Қазіргі таңда бұл орталық келушілер үшін өз жұмысын атқаруда. Ғимарат үш қабаттан, үш экспозициялық залдан тұрады: «Тәуелсіздік Қазақстан», «Әл-Фараби», «Отырар». /Әл-Фараби тарихи-мәдени орталықтың макеті/.

Әл-Фараби мұраларын зерттеушілер (Қазақстандық фарабитанушылар)
Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен энциклопедиялық ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдар шығармаларымен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топты ХІХ-ХХ ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Ал, төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, бесіншісіне түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады.
Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани есімі аталса, 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылып, топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов үйлестірді.
Қазақстандық фарабитанушылардың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, белгілі фарабитанушылардың бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Х.Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топта И.О.Мұхаммед (Иран), Еуропа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х.Таджикова, Н. Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Г. Ғафуров және А.В. Сагадеевпен байланыстар орнатылды. Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама, философ əл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Ж. Машанов, А.Х. Қасымжанов, М.Б. Бурабаев, Ә.Б. Дербісалиев, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Нысанбаев, Г.Шаймуханбетов, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақстандық фарабитану кеңістігін ұлғайта түсті. Алғаш рет əл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді.
Қазақстандық фарабитанудың қалып¬тасуы мен дамуына әр кезеңде үл-кен үлес қосқан Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасым¬жанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлі, Ә.Ны¬санбаев, А.Көбесов, К.Жа¬рық¬баев, С.Қ.Сатыбекова, A.M.Ке¬несарин, Г.Қоянбаева, F.Құ𬬬ман¬ғалиева, А.Тәукелов, Ғ.Сапар¬ғалиев, А.Уразбекова, Н.Се¬йтах¬метова, А.Қасымжанова, А.Иванов, т.б. есімдерін, сондай-ақ, Қазақстанда фарабитану жұмысына басшылык, жетекшілік жа¬саған академиктер Қ.Сәтбаев пен Ш.Есеновтің есімдерін ерекше атау керек. Қазір уақытта «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығын философия ғылымының докторы, профессор Ж.Алтаев басқарады. /Фарабитанушы ғалымдардың фотосуреттері/

Әл-Фарабидің құжыраханасы
(Ғұлама-ғалымның шығармашылықпен айналысқан жұмыс бөлмесі)
VIII ғасырдың басында Еуропа елдері Қараңғы Дәуірлерін сүріп жатқанда, Бағдадта ашылған ғылыми орталық «Даналық үйі» Ислам әлеміндегі гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласында зор серпіліс жасады. Исламның «Алтын Ғасыры» осылай басталған болатын. Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Кинди, Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми, Ибн Сина сынды тарих тақтасына есімдері алтынмен жазылған ғалымдардың осы кезеңде шығуы, әрине, кездейсоқтық емес еді. Әл-Фараби де осы «Даналық үйінің» ғылым өзенінен нәр алып жайқалып өскен жемісі болатын. Бұл орталық – өз заманында кітапхана, ғылыми-зерттеу орталығы, жоғарғы оқу орны және обсерватория ретінде бірнеше функцияны атқаратын әртарапты институт еді. /Әл-Фарабидің құжырахана-макеті музей қорынан алынған заттармен жабдықталған/.